Белсенді демалыс орындары

«Ешқашан ұйықтамайтын қалада» адам көп жиналатын орындарда демалу немесе қызықсыз болып кеткен дүниелермен айналысу жалықтыруы мүмкін. Дегенмен, Алматы әмбебап қала болғандықтан кез келген адам көңілінен шығатын, өзіне сай іс таба алады. Егер сіз шытырман оқиғаны жақсы көретін болсаңыз және әрдайым жаңа эмоцияларды сезінуге дайын болсаңыз, бұл мақала сіздің экстремалға деген құштарлығыңызды оятатынына сенімдіміз. Алматы – ірі мегаполис болғандықтан, мұнда көңіл көтеретін түрлі іс-шаралардың ауқымы кең. Сіз келесі тізімді қолдана отырып көңілді уақыт өткізе аласыз: парапланмен самғау, роуп-джампинг, рафтинг, стенд ату, парашютпен секіру, аң аулау, балық аулау, пейнтбол, картинг, жаяу серуендеу және т.б.

Парапланмен ұшу

Алматы қаласы Іле Алатауының баурайында орналасқандықтан парапланмен ұшуға арналған орындар саны жетерлік. Ең танымалдары – Шымбұлақ курорты, Үшқоңыр үстірті және Үлкен Алматы шатқалы. Бұл орындар әлемнің көптеген ұшқыштары мен туристерін қызықтыратын жерлер. Сонымен қатар, кәсіпқойлардан басқа, бұл істе өзін сынап көргісі келетін және қанатын кеңге жайған құстай қалықтағысы келетін көптеген қарапайым адамдар да бар. Бастапқы биіктігі теңіз деңгейінен 960-тан 3600 метрге дейін болуы мүмкін. Негізінен нұсқаушылар ұшу кезінде әр адамды сүйемелдейді және әр сапардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әдетте ұшу 7 минуттан 15 минутқа дейін созылады, сондай-ақ салмақ бойынша 20 кг-нан 110 кг-ға дейін шектеу бар. Орташа бағасы – 15 000 теңге.

Роуп-джампинг

Халық арасында бұл экстрим жанкүйерлерін жүрек жұтқандар деп атайды және біз мұнымен келісеміз. Роуп-джампинг – бұл адамда адреналинмен бірге қорқыныш сезімін тудыруы мүмкін спорт түрі. Алматыда «Алматы-Қапшағай» тас жолы, Алмарасан шатқалындағы бөгет және Қарғалы өзені маңы сияқты роуп-джампингке арналған орындар саны шектеулі. Ең танымал ұйымдастырушылардың бірі Қапшағайда осы іспен айналысатын FlyKazakhstan болып саналады. Олар осы саладағы 10 жылдық тәжірибесімен танымал және көптеген адамдар алдымен осы ұйымдастырушыларға жүгінеді. Сонымен қатар, секіру кезінде қойылатын бірнеше талаптар бар: жүйке жүйесі мықты адамдарға және 18 бен 60 жас аралығындағы адамдарға секіру рұқсат етіледі. Биіктік диапазоны нысанаға байланысты 45 метрден басталып 180 метрге дейін. Егер сіз секіргіңіз келіп тұрса, алайда роуп-джампингтен қорқықсаңыз, сіздің қызметіңізге кәсіби нұсқаушылар бар.

Рафтинг

Адреналин деңгейін жоғарылататын тағы бір спорт түрі – рафтинг. Бұл тым қиын болғанымен өте қызықты спорт түрі. Тіпті оны Алматыда да байқап көруіңізге болады. Қазақстанның біраз аумағын дала зонасы алып жатқандықтан, рафтингпен айналысуға болатын өзендер саны аз. Қалай болғанда да, Алматы Іле, Шілік және Түрген сияқты бірнеше танымал өзендерді ұсынады. Жолдың орташа ұзындығы 2 км-ден 5 км-ге дейін.

Стенд ату

Экстремалды спорт түрлерінің саны көп болғанымен, стенд ату – таза ауада айналысуға болатын жағымды спорт түрінің бірі. Кейбір адамдар мұны қауіпті және қызықсыз деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл ерлер үшін, сондай ақ әйелдер үшін де дағдыларын жақсартудың ең жақсы жолы. Стенд атудың артықшылығы ол мидың үнемі жұмыс істейтін бөліктерін тоқтатып, тек бір нәрсеге назар аударуына көмектеседі. Алматыда әркім өз қабілетін сынай алатын бірнеше ату клубтары бар. Сонымен қатар, бұл спорт түрімен досыңмен және жеке де айналысуға болады. Ал ату кезінде көп жылдық тәжірибесі бар тәжірибелі нұсқаушылар көмек береді.

Парашютпен секіру

Барлық экстремалды спорт түрлерінің ішінде парашютпен секіру ең экстремалды спорт түрі. Сіз прашютпен секіру арқылы өз қорқыныштарыңызды, эмоцияларыңызды, психикалық және физикалық күшіңізді сынап көре аласыз. Егер сіз ешқашан парашютпен секірмеген болсаңыз, бірақ, бұл туралы әрқашан армандаған болсаңыз, онда ескере кететін бірнеше нәрсе бар: өзіңізді еркін ұстаңыз, уайымдамаңыз, әсерлеріңіз бен көріністерден ләззат алыңыз. Тәжірибелі мамандар сізге көмектесетіндіктен парашютпен секіруден қорықпаңыз. Парашютпен секірулер Алматының солтүстігінде Қапшағай тас жолы бойымен қаладан 30 минуттық жерде Байсерке ауылында орналасқан аэродромда жүзеге асырылады. Әдетте секіру биіктігі 900 метр. Алайда ең алдымен секіргісі келетін адамдар байыпты дайындықтан өтеді, яғни секіру ережелері мен талаптарды толықтай түсіндіретін 4 сағаттық брифинг болады.

Аң аулау

Қазақ халқы ежелден аңшылықпен айналысқан, және бұл қызығушылық күні бүгінге дейін қанымызда бар. Қазіргі таңда аң аулауды толыққанды ұйымдастырып беретін бірнеше арнайы компаниялар бар. Алматыда аң аулауға таптырмас бірнеше аңшылық алқаптар бар. Мысалы, көп жағдайда маралдарды Алматы қаласынан шығысқа қарай Жоңғар Алатауы (~ 400 км), Дардамты (~ 300 км) және Көлсай (100 км) да аулайды. Аңшылық аймағының биіктігі теңіз деңгейінен 1500–2000 м. Сібір тау ешкілері 2 аймақта ауланады: Алтын-Емел және Шарын аймағында (~ Алматыдан шығысқа қарай 250-300 км). Аңшылық аймағының биіктігі теңіз деңгейінен ~ 1000 м. Ортаазиялық ешкілерді бір аймақта – Алматының батысында орналасқан Сайрам Өгем ұлттық саябағында аулайды. Аймақ Қырғызстан және Өзбекстанмен шектеседі. Бұл аймақта аң аулау үшін аңшы Шымкент қаласына ұшуы керек; содан кейін көлікпен ~ 100 км. Аңшылық аймағындағы орташа биіктік 1500 м-ден 2000 м-ге дейін.

Балық аулау

Алматының көрікті әрі әсем жерлерге толы қала ретінде танымал екені баршаға мәлім, және балық аулау әуесқойлары үшін арнайы аймақтар бар. Бұл Қаратал өзені, Көксу өзені, Іле өзені, Қызыл Ту, Қаскелең өзені және т.б. Алматы өзендерінде табан балық, тұқы, көксерке, дөңмаңдай және жылан балықты аулауға болады. Көптеген балықшылардың айтуы бойынша балық аулау барысындағы ең жақсы сәт – тыныштықта тыныға отырып балықтың қармаққа түсуін күту. Бұл адамдарға ләззат алуға мүмкіндік беретін іс.

Пейнтбол

Пейнтбол – бұл өзіңізді нағыз соғыс пен ұрыста жүргендей сезім беретін ойын. Пейнтбол стресстен арылуға және өзіңізді еркін сезінуге көмектеседі, өйткені әртүрлі компьютерлік ойындардың жанкүйерлері шынайы өмірдегідей атыса алады. Ойын-сауықтың бұл түрі экстремалды ғана емес, сонымен қатар көңілді, себебі пейнтболдың оқтары түрлі-түсті. Алматыда шағын ойын алаңдарынан бастап барлық пейнтбол жабдықтарымен қамтамасыз етілген үлкен ауылға дейін пейнтбол клубтарының үлкен таңдауы бар. Жасыл ну орман және түрлі кедергілер сізді нағыз жауынгер ретінде сезініп, «жауларыңызбен» күресуге мүмкіндік береді.

Картинг

Көлік жүргізуге әркімнің мүмкіндігі немесе батылдығы жете бермейді, бірақ бұл жағдайда картинг әрқашан жақсы идея болып табылады. Алматыда картингпен айналысатын орындар көп емес, бірақ қала тұрғындары мен қала қонақтары арасында өте танымал бір аудан бар. Ол Алматы облысының Іле ауданындағы Алматы-Астана тас жолының 76 шақырымында орналасқан «Ипподром Сокол» деп аталады. Ипподромның жалпы ауданы 205 гектар және сыйымдылығы шамамен 105 мың адамды құрайды. Сондай-ақ, бұл орынның автотұрақ жүйесі 35 мың тұрақ орнына есептелген. «Ипподром Сокол»-дан басқа, кейбір саябақтарда кішкентай картинг алаңдары бар, бірақ олар негізінен балаларға арналған және шағын.

Жаяу серуендеу

Әрбір алматылық екі нәрсені жақсы көреді: тау және жаяу серуендеу. Сіз тауға ешқашан барып көрмеген қала тұрғынын таба алмайсыз. Оңтүстік астана әрқашан биік тау шыңдарымен танымал болған. Алматылықтар тауға көлікпен немесе автобуспен емес, жаяу көтерілуді жөн көргендіктен жаяу серуендеуге арналған көптеген бағыттар бар. Олардың ішінде ең танымалдары: Үлкен Алматы шыңы, Фурманов шыңы, Назарбаев шыңы, Букреев шыңы, Көкжайлау, Бутаковский сарқырамасы, Медеу және т.б. Жаяу серуендеу экстремалды немесе қауіпті емес, денсаулыққа пайдалы спорт түрі болып саналады. Алматыға алғаш рет келетін туристерге жаяу серуендеуге және осы тау шыңдарының кем дегенде бірін бағындыруға кеңес беріледі.

Блог