1934-1937 жылдары Зубовтың үйінде Ахмет Байтұрсынұлы отбасымен бірге тұрған. Алаш Орда қайраткері ақталғаннан кейін 1988 жылы үй тарих және сәулет ескерткіші болып танылып, 1993 жылы мемориалдық музей-үй ашылды. ХХ ғасырдағы ұлы реформатор, қоғам және мемлекет қайраткері, лингвист ғалым, Қазақ филология ғылымының негізін қалаушы, ақын-аудармашы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі. Музей-үйі төрт бөлмеден және бір бөлмелі жертөледен тұрады. Оның ішінде үш бөлме – көрме залы, бір бөлме – дәріс залы. Жертөле-музей қызметкерлерінің кеңсесі. Музей қорында ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материал жинақталған, олардың 300- мемлекеттік архивтен алынған түпнұсқа құжаттар, 12 жеке және 27 ұжымдық фотосуреттер.
«Рухани жаңғыру» деп аталатын бірінші залда «Қазақ тілінің корифейі» белгісі (түпнұсқа, 1999 ж.), «Ғасыр адамы» медалі (көшірме, 1999 ж., түпнұсқа А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің музейінде қойылған.). «Қазақ ойының нұры» тақырыбындағы екінші зал толығымен ғалымның мектеп жасынан бастап өмір жолын көрсететін архивтік құжаттардан тұрады. Мұнда А.Байтұрсынұлы оқыған қазақ-орыс мектебінің фотосуреттері, Орынбор мектебін бітіргені туралы куәлік, ақын жырлаған Ақкөл (Белое озеро) көлінің фотосуреті, оның әкесі Байтұрсын және үлкен ағасы Қали жерленген жерлердің фотосуреттері ұсынылған. Үшінші зал «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп аталады. Өмірін қазақ халқының ана тіліне, тарихы мен мәдениетіне арнаған ұлы ғалым және азамат сотталып, қуғын-сүргінге ұшырады. Мұнда сіз «тұтқындау туралы» құжаттың (ордер) көшірмесін және ату алдындағы ғалымның суретін көресіз. Үшінші залдан біз бірінші залға ораламыз. Оң жақ бұрышында А.Байтұрсынұлына тиесілі мүлік: сандық (оны музейге анасы Ахмет отбасымен дос болған Бибі Хабиқызы ұсынған), чемодан (оны музейге ғалым Ж. Отарбаев берген).