Қаланың мәдени жүрегі
Бүгінгі таңда Мемлекеттік өнер мұражайы — Қазақстандағы ең үлкен көркемөнер мұражайы әрі бейнелеу өнері саласындағы ғылыми-зерттеу орталығы. Қазақтың даңқты суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі мұражайға 1984 жылы ғана беріліп, галереяға орталық кіреберістің алдында оның ескерткіші орнатылды.
Таңғажайып көркем коллекция
Мұражайдағы экспонат атаулының барлығын егжей-тегжейлі қарағыңыз келсе, онда ішпей-жемей, ұйықтамай, көз үзбей тамашаласаңыз да, бір аптадан көп уақыт жұмсайтыныңыз анық. Өйткені мұражай коллекциясында 23 мыңнан астам бірегей картина, мүсін, қолданбалы өнер туындылары бар. Басты экспозиция 2 қабаттан, 11 зал және 10 галереядан тұрады. Келушілер қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасу және даму тарихынан жүйелі түрде хабардар болуы үшін экспонаттар хронологиялық ретпен орналастырылған.
Белсенді ағартушылық қызмет
Мұражай уақытпен тыныстас дамып келеді деуге болады. Негізгі экспозициядан тыс, мұнда қазақстандық және шетелдік суретшілердің, фотосуретшілердің, мүсіншілердің, сондай-ақ басқа да өнерпаздардың көрмелері жиі өткізіледі. Жасы мен қызығушылығы әр түрлі өнер өкілдерінің әлеміне тарта, музей ашық лекциялар, интерактивті шаралар және тақырыптық экскурсияларды үзбей ұйымдастырып отырады.