Жолдың басталу нүктесіне дейін көңілді саяхат
Түрген шатқалы Алматының серігі — Талғар қаласына жақын маңда орналасқан. Егер кептеліс болмаса, Алматыдан шыққан көлік шатқалған дейін 1,5 сағаттай жүреді. Шатқалға барар жолда туристер көбінесе алабалық шаруашылығына, түйеқұс фермасына кіріп, сақ қорғандарын аралайды, зәулім Алтын адам ескерткішін тамашалайды.
Аюсай сарқырамасы
Шатқал, ең алдымен, таңғажайып сарқырамаларымен ерекшеленеді. Туристерді ең алғаш Аюсай сарқырамасы қарсы алады. Бұл өзі айтарлықтай үлкен сарқырама. 30 метр биіктен құлаған судың гүрілі де құлақ тұндырады. Күре жолдан небәрі 1 шақырымдай жердегі сарқырамаға тау соқпағымен жетуге болады. Сарқыраманың айбыны, суының мөлдір тазалығы кісі тамсандырады. Ауа температурасы +30 градус ыстық болса да, сарқыраманың суы мұздай. Дегенмен кейбір батылы жеткендер сарқыраманың мұздай суына малтып шығуға да үлгереді.
Жоғарғы сарқырама
Екіншісін «Жоғарғы» сарқырама деп атайды. Оған жету үшін тауға қарай біраз жоғары жүру қажет. Оған апаратын соқпақта адам көп жүргендіктен, сайрап жатыр. Сарқырама таудың көлеңкелі солтүстік бөктерінде орналасқандықтан, аздап көңілсіз, түнеріп тұрғандай көрінеді. Сарқыраманың суы 50 метр биіктіктен құлайды. Арыны қатты судың екпіні түскен жеріндегі тастарды ойып, мүжіп, кішігірім көлдің пайда болуына жағдай жасаған.