Италиядан Микэль Скуери деген турист келді

Мамандығы бойынша бағбан италияндық қонақтың саяхатқа жаны құмар. 15 жылдың ішінде жарты әлемді саяхаттап шыққан. Кезекті сапар нүктесі – Қазақстан және оңтүстік астана болды. Айта кетейік, Қазақстан – Орталық Азия бойынша оның сапары түскен алғашқы мемлекеті.Алматыға шетелдік қонақ 1972 жылы шыққан раритетті италияндық автомен келді. Ол оны арнайы осы сапар үшін сатып алған екен.

Туристің қаладағы алғашқы белгіленген пункті – Visit Almaty туристік ақпарат орталығы болды. Туристік хабтың табалдырығын аттай салысымен, италияндық қонақ жайлылық пен қонақжайлылық атмосферасына енді. Онымен қоса, ол қала жөнінде, Алматының ең әсем жерлері, оңтүстік астананың туристік потенциалы жайында толыққанды ақпарат алды.Италияндық қонақ үшін кең дастархан жайылып, ол ұлттық тағамдардың тіл үйірер дәмін татып көрді. Микэль Скуери бауырсақтың ерекше дәмін, қымыздың шөл қандырар қасиетін атап өтті.

«Өте жайлы қала және дәмді тамақ. Маған қазақтың тағамы ұнады», – деп атап өтті италияндық турист.

Туристік хабтың ішінде орналасқан жайлы киіз үйде отырып, қонақ ерекше қонақжай әрі жайлы атмосфераны атап өтті. Италияндық қонақ тек қонақжайлылығымызға ғана емес, Алматының көзтартарлық тау бөктеріне де тәнті болды. Онымен қоса, ол отанына оралмас бұрын, «Алтын емел» ұлттық саябағына да барып қайтқысы келетіні жайында айтты. Себебі оның әсем табиғаты жайында біраз естіген екен. Сапарының соңында, Алматы туралы ыстық естеліктерді сақтап қалу үшін Микэль Скуери автокөлігіндегі жапсырмалар топтамасын Visit Almaty логотипімен толықтырды.

Блог