Қала жайлы
Ешқашан ұйықтамайтын, өзіне ғана тән ырғақпен өмір сүретін қала. Асқар таулардан өсіп, олардың асқақ мінезін бойына сіңірген заманауи мегаполис. Тіршілік қайнаған, жүздеген ұлт пен мәдениет өкілдерінің қонақжай үйі.

Алматы — Іле Алатауының жүрегі

Мұз құрсанған шыңдардың құшағында, сырт көзден тасада жатқан Алматы бөтен адамға бірден құпиясын ашпайды. Ол үшін қалаға ең болмағанда бір күнге келіп, кездейсоқ кездескен алматылыққа күлімдеп қарау, алғаш рет әйгілі «Апорт» алмасын жеп көру қажет. Содан кейін мегаполистен шығып, басқа Алматыны — айдын-шалқар көлдері мен тарам-тарам өзендері, Тянь-Шаньның шыршалы-қарағайлы ормандары шаршаған жолаушының бойын сергітетін, жайқалған қызғалдағы кілемдей төселген Алматыны көру қажет.

Табиғат аясында

Қыдырған адамға Алматының ажары ашыла береді. Қаланың сыртына шыға бергенде, таулы өлке ұлы далаға ұласа береді. Қыста ақ мамыр жабынған, сәуірде жабайы қызғалдақтың хош иісі аңқыған, жазда күнге күйіп, құлазыған сары дала күзде алтын түске боянады. Жүре берсеңіз дала шөлейттеніп, көз ұшындағы үркердей мұнартып Шарын шатқалының қызғылт-сары жартастары немесе жақұт алқа тағынған Көлсай көлдері шыға келеді. Бұл өлкенің аты — Жетісу.

Ежелгі қаланың пайда болуы

Қазіргі Алматы орналасқан жердің тарихы 3000 жылдан асады. Шамамен біздің заманымызға дейінгі Х ғасырда мұнда сақ тайпалары мекендеген. Олардан қалған алғашқы айғақтар — біздің заманымызға дейінгі VI-III ғасырларда соғылған қорым-қорғандар. Олардың көпшілігі қазір қаланың тұрғын алаптарының астында бұғып жатыр. Уақыт өте келе, бұл маңға түрлі көшпелі тайпалар, егіншілер, саудагерлер келіп қоныстана бастайды. Ұлы Жібек жолының дамуының арқасында мұнда ірі қоныс пайда болды. VIII-X ғасырлардан жеткен генуялық көпестердің жазбалары бұл өңірде сауданың қайнағанына куәлік береді.

«Верный» форпосты

Патшалы Ресей өз иелігіндегі аймақтарды нығайта берді. Үкімет Ұлы Орда қазақтарының приставы майор М.Д. Перемышльскийге Іле өзенінің артында бекініс салуға ыңғайлы орын табуді тапсырады. 1854 жылдың 4 ақпанында Ресей үкіметі Кіші Алматы өзенінің жағасында әскери бекініс салуға шешім қабылдайды. Сол жылдың күзінде «Верный» форпосты бой көтереді. Араға бірнеше жыл салып, мұнда қоныс аударғандардың саны 5000-ға жетеді. 1867 жылы форт маңындағы қоныс қала мәртебесіне дейін өсті. Оны да Верный форпосты деп атады.

Даңқты Алматы

1921 жылғы 5 ақпанда қалалық театрда халық комиссарларының облыстық және қалалық кеңестерінің отырысы болып, онда Верныйдың атын Алм-Ата деп өзгертуге шешім қабылданды. 1927 жылдың 3 сәуірінде Советтердің VI бүкілқазақ съезі Қазақ АКСР-нің ОСК астананы Қызылордадан Алма-Атаға көшіру туралы қаулы қабылдады. 1993 жылы оның тарихи аты — Алматы қайта берілді. 1997 жылы елорда Астанаға көшірілгенмен, Алматы өзінің мәнін жоғалтпай, республикалық маңызы бар қала әрі елдің оңтүстік астанасы болып қалды.
Маңызды цифрлар:
  • • Жер көлемі — 682 км².
  • • Халқы — 1.7 миллион.
  • • Қалада 120-дан астам ұлт өкілдері тұрады.
  • • Елдегі ең ірі қала.
#visitalmaty

Сұранымды қалдырыңыз
Жолдарды толтырыңыз
Aты-жөніңіз
Байланыс телефоныңыз
email
Болдырмау