Кішігірім шатқалдың тылсым сұлулығы

Аса шырайлы шатқал Талғар қаласына жақын маңда, Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Шатқалдан суы мөлдір тау өзені ағып өтеді. Шатқалды жағалай жоғары көтеріле берсеңіз, жоғарғы сағасында екі өзеннің қосылған жеріне дейін шығуға болады. Шатқалдағы сарқырама аса биіктен құламаса да, бұ маңның сұлулығы көз тоймайтындай. Айтпақшы, дәл осы сарқырамаға тоқтап, суына қанып, шашыраған судан пайда болған ондаған кемпірқосақтарды көруге болады. Соқпақпен жүріп шалдыққан адамның нағыз тынығатын жері — осы.

Шатқалдың аянышты тарихы

Бұл жердің Монахов шатқалы деп аталуының өзіндік себебі бар. ХХ ғасырдың 20-жылдарында большевиктер қуғынынан қашып келген православ монахтары осында келіп, тау-тастың арасына жасырынады. Олар жартастың қабағына баспана соғып, кішігірім шіркеуін де салып алады. Өкінішке қарай, көп ұзамай діндарлардың осында екені туралы қызылдар хабар алады. Олар монахтардың бәрін атып тастайды, ал шіркеуді жарып жібереді. Қазір оның орнында құдайға сыйынудың белгісі болып тек ескі ағаш крест қана қалған.

«Жанды» су және қайырлы белгілер

Шатқал сыйынушылардың арасында танымал жерлердің бірі. Көптеген діндарлар, қарапайым туристер осында келіп, мөлдір бұлақ суын алып кетеді. Мұндағы бұлақ суының емдік қасиеті бар, тіпті жұрт оның кез келген ауруды емдейтініне сенеді. Ел арасында тараған аңыздарға қарағанда, мұнда шіркеу киімінде жүрген елестерді кездестіруге болады екен. Жұрт ол елестерді көрген адамға аспаннан бақ дарығанын білдіретін қайырлы белгі деп айтады.

Қала орталығынан Монахов шатқалына дейінгі жалпы қашықтық 44 шақырымнан сәл асады. Талғар тас жолында шамамен 10 шақырымнан кейін демалыс үйі, сонымен қатар «Спутник» лагері бар. Туристік бағыттың басына жету үшін лагерь аумағы арқылы өту керек. Шатқалға өз бетімен барған кезде Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағына кіру үшін экологиялық төлемді төлеу қажет.

Сондай-ақ қараңыз