Алматылықтардың сүйікті бағыты

Бұл — Алматы қаласының маңындағы керемет сұлу мекендердің бірі. Сарқырама Бутаков шатқалында орналасқандықтан, оған да осындай атау берілген. Сарқырама ару қала тұрғындарының арасында ең танымал туристік бағдарлардың біріне айналған. 25 метр биіктіктен құлайтын айбатты сарқыраманың суы жылдың әр мезгілінде әркелкі болады. Әсіресе, көктемгі қар еріген кезде оның суы молайып, өзеннің арнасын толтыра түседі.

Биіктен құлаған көк мұздар

Сарқырамаға дейінгі жолдың көп бөлігі өзеннің сағасымен өтеді. Кей жерлерде, тіпті оны кесіп өтуге де тура келеді. Жол-жөнекей жолаушыға таза, мөлдір тау суы серік болып отырады, сондықтан да, мұнда келерде тек бос бөтелке алып алсаңыз да болады. Қыста сарқырама мұз қатады. Сондықтан да ерекше әсер алуды қалайтындарға қыста осында келуге кеңес береміз. Сарқыраманың орнында таудан құлаған көкпеңбек мұздардың көрінісі айналадағы аппақ қармен бірге сізді ертегілер әлеміне алып кетеді.

Жоғарғы сарқырама

Жоғарыда біз айтқан сарқырама бұл шатқалда жалғыз емес. Өзеннің жоғарғы сағасына қарай көтеріле берсеңіз, табиғаттың тағы бір ғажап көрінісі сізді қарсы алады. Оған жету үшін негізгі сарқырамадан жоғары қарай 1,5 сағатта жүресіз. Екінші сарқыраманы, біріншісіне барар жолда-ақ байқауға болады, ол шатқалдың батыс жақ беткейінде тұр. Оған барар болсаңыз, жолда туристерді сирек кездестіресіз, тіпті жалғыз өзіңіз мүлгіген тыныштықтан ләззат алуыңыз да мүмкін.

Сондай-ақ қараңыз