Іле Алатау ұлттық паркінде табиғаттың тамаша үлгісі – Түрген шатқалы бар.

Биік таулардағы таңғажайып үстірт

Іле Алатауы ұлттық паркінде таңғажайып табиғат көріністері толып жатыр. Алматылықтар Түрген сарқырамаларын жақсы біледі. Қала тұрғындары онда бір рет болса да барғаны анық. Бірақ, шатқалдың соңына дейін жүріп барған адам тау биігіндегі таңғажайып Асы үстіртіне шығуға болатынын біреу білсе, біреу біле бермес. Шүйгінді үстірт теңіз деңгейінен 2560 метр биіктікте орналасқан.

Ғаламшар обсерваториясы

Үстірттің бірегей табиғи ерекшеліктерінің бірі тамаша астроклимат болып табылады. Сондықтан да әлемдегі ең үлкен телескоптардың бірі орнатылған обсерватория дәл осы жерге орын тепкен. Таза ауа, елді мекендерден алшақтық, қала жарықтарының болмауы, аса биік емес турбуленттілік — осы алғышарттардың барлығы астрономдарға жұлдызды аспанның жаңа қырларын зерттеуге тамаша қолайлы жағдай жасайды.

Альпілік әр алуандылық

Үстіртке, ең дұрысы, мамыр айының аяғы – маусымның басына қарай келу керек. Дәл осы кезде таудағы алуан түрлі өсімдіктер жайқала өсіп, түсті кілемге айналады. Үстіртте серуендеп жүріп, ақ, сары, қызыл, көк, күлгін түсті гүлдер хош иісіне қарық болып, ештеңемен салыстыра алмайтындай әсерге бөленесіз. Үстірттің солтүстік жағынан сылдырап аққан Кіші Түрген өзенінің мөлдір салқын суын ішсеңіз жүрекке қуат, бойға дәрмен болады.

Жеке көлікпен Жол бір бағытта шамамен 3 сағатты алады

Сондай-ақ қараңыз