«Алматы» қонақ үйі

«Алматы» қонақ үйі

Қонақ үй 1967 жылы «Казгорстройпроект»-те еңбек еткен сәулетшілер И.А.Картаси, А.Я. Коссов, В.Г.Чиркин, Н.И.Рипинский және инженерлер С.И.Каламкаров, А.Брохович және Л.Ширшованың жобасы бойынша салынған. 1968 жылы авторлар ұжымы жас сәулетшілердің шығармашылық байқауының дипломына, сондай-ақ жоба үшін 1972 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің сыйақысына ие болды. Интерьерді безендіруде монументті-сәндік элементтер (суретшілер М.С.Кенбаев, Н.В.Цивчинский) қолданылды. 2016-2017 жылдары қонақ үйдің тарихи келбетін қалпына келтірумен ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілді. Бұл сегіз қабатты, көлденең созылған, бірқалыпты иілген ғимарат. Басты кіреберісі консольдарда және монументті мозаикалық панносы бар үлкен шығыңқы күнқағармен белгіленеді. Ғимараттың бүйір жағы жаппай пилондар түрінде шешімін тапқан. Ғимараттың солтүстік қасбеті жағынан жоғары цокольде мейрамхана жапсарласып салынған. Қасбеттердің композициялық шешімінің негізгі уәжі лоджиялар қоршауының көлденең ырғағы болып табылады. Кеңес кезеңінде ғимараттың қасбетінде бірден екі «Алма-Ата» және «Алматы» маңдайша жазулары болған, алайда 2000 жылы «Алма-Ата» маңдайша жазуы демонтаждалып, қонақ үй Алматы болып өзгертілді. 2017 жылы «Алматы» маңдайша жазуын «Almaty» деп ауыстырды. 2003 жылы бозғылт-көгілдір шынымен безендерілген балкондардың әйнегі сол кезде танымал көк түсті алюкобондқа ауыстырылды. 2017 жылы қайта жөндеу жұмыстарынан кейін қонақ үйге тарихи көрініс қайтарылды. Қонақ үйдің бірінші басшысы қызметін Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Қызыл армия офицері, Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев атқарған. Р.Қошқарбаев қонақ үйді оның құрылуынан бастап және 1988 жылғы өзінің қайтыс болуына дейін басқарды. Жиырма жылдан астам уақыт оның өзгермес директоры атанады. Қонақ үй кешені тарихи және сәулет ескерткіші болып табылады. Құрылыс орны қала орталығында әкімшілік ғимараттармен, театрлармен, супермаркеттермен және басқа да мәдени орталықтармен тікелей жақын орналасқан. Бүгінгі таңда қонақ үйде 300-ден астам қонақты сыйдыратын 193 бөлме бар.