«Сұңқар» ХШТК — 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына трамплиннен шаңғымен секіру жарыстарын өткізу үшін салынған, Алматы қаласында трамплиннен шаңғымен секіруге арналған кешен. 

1956 жылы Дене шынықтыру институтының оқытушысы Эдуард Чупровтың басшылығымен 55 метрлік трамплин қалпына келтірілді және бірнеше жылдан кейін Қазақ КСР-да трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бойынша алғашқы республикалық жарыстар өтті. 9 кеңестік республикалардың қатысуымен алғашқы халықаралық жарыстар 1959 жылы өткізілді. Уақыт өте келе трамплин жарамсыз болып, қиратылды.

2010 жылдың 25 қыркүйегінде ескі трамплиндердің орнында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен К-125 және К-95 трамплиндерінен тұратын жаңа кешен ашылды. Сондай-ақ, оған стадион, медиаорталық, жас секірушілерді дайындауға арналған мектеп, спортзал, арқан жолы, трибуналарға, старт және мәре орындарына кіреберістерді қамтамасыз ететін жол айрығы; 200 орынды жер үсті және жер асты автотұрақтары жатады. Кешеннің ашылу аясында Құрлықтық кубок шеңберінде трамплиннен секіру бойынша жарыстар өткізілді.  

2013 жылы 9 мамырда К-20 және К-40 екі жаттығу, сондай-ақ, К-60 спорт трамплиндерінен тұратын кешеннің екінші кезегі ашылды. Кешен базасында спортшыларды трамплиннен секіру бойынша оқыту үшін спорт мектебі ұйымдастырылады. 

Солтүстік дисциплиналар бойынша жасөспірімдердің әлем чемпионатын өткізу үшін кешенде қазіргі заманғы талаптарға сай келетін жаңа трассаның құрылысы жүргізілді: бұл бақылау жүйесі, хронометраж және жарықтандыру жүйесі. Трассаның оңтүстік бөлігі жарыс аймағы және қала тұрғындарына арналған демалыс аймағының болуы үшін асфальтталған. 

Кешеннің ауданы 15 гектардан асады. Мұнда 6000 көрерменге арналған стадион, жас секірушілерді оқыту және жаттықтыру мектебі, спортзал және арқан жолы және 200 орынды көлікті қоятын тұрақ бар. Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) сарапшыларының бағалауы бойынша «Сұңқар» осындай үлгідегі үздік әлемдік ғимараттардың бестігіне кірді.  

2011-2016 жылдары трамплиндер кешенінде «Алматы — менің алғашқы махаббатым» атты ретро-фестивалі өтіп, «Алатау» шипажайынан кейін жаңа алаң болды. 

Кешенде ересектер, жасөспірімдер, жас жігіттер, ұлдар мен қыздар арасында шаңғымен трамплиннен секіру бойынша Қазақстанның жазғы және қысқы жастар чемпионаты жүйелі түрде өтеді. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатында ересектер мен жасөспірімдер арасында «шаңғы қоссайысы» дисциплинасы бойынша спортшылар жарысады.

Сондай-ақ қараңыз